БҚО-да прекурсорлар талабы сақталмағандықтан 93 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медициналық мекемелерде есірткімен жұмыс істеу қағидаларын бұзуға қатысты фактілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда «Допинг» жедел профилактикалық іс-шарасының кезекті кезеңі өткізді. 5 күндік операция барысында осы салада қызмет атқаратын дәріханалар, емдеу-профилактикалық мекемелер және өндірістік кәсіпорындар сияқты 82 субъект тексерілген.

Полицейлер есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласында 21 қылмысты анықтады, оның ішінде 20-сы есірткі құралдары айналысы ережесін бұзуға қатысты.

«Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы ауруханаларының бірінде құрамында есірткі бар 1,6 мыңнан астам ампула дәрілік заттар айналысы саласының қағидалары бұзылған. Осы облыстағы ЖШС қызметін тексеру барысында лицензиялау нормаларын бұзу фактісі анықталды. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың орны толтырылғанға дейін 93 тонна тұз қышқылының айналымы шектелді», делінген хабарламада.

Айналымнан есірткі құралдары мен психотропты препараттардың 3,7 мыңнан астам таблеткасы мен ампуласы алынды.

36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде тек рецепт бойынша берілетін, құрамында кодеин бар дәріні рецептісіз беруге қатысты 17 факті тіркелді. Бұл құқық бұзушылық бойынша жеке тұлғалар үшін 70 АЕК-тен бастап және лауазымды тұлғалар үшін 100 АЕК-тен бастап айыппұл салу көзделген.

Операция өткізу барысында есірткі өткізу, контрабанда және аса ірі мөлшерде сақтау фактілерінің жолын кесуге де ерекше назар аударылды.

Айта кетерлігі, «Допинг» операциясы күндері 61 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 28 есірткі өткізу фактісі, 29 факті аса ірі мөлшерде есірткі сақтау және 4 контрабанда тіркелді.



Соңғы жаңалықтар