БҚО-да полиция қызметкері құқық бұзушының аяғынан атты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері жергілікті тұрғынның аяғынан атты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Қазталов ауданы Қараоба ауылында болды.

Осы ауылдың 30 жасар мас тұрғыны учаскелік полиция инспекторына бағынбай, бетінен ұрып, жерге жықпақ болған.

Полиция инспекторы өзіне бекітілген травматикалық тапаншадан ауаға екі рет оқ атқан. Алайда құқық бұзушы оған тоқтамай, төбелесті жалғастырған. Содан кейін полиция қызметкері оның аяғынан атқан.

Аталған дерек ҚР ҚК 380-бабы 1-бөлігіне сәйкес (билік өкіліне қатысты күш қолдану) тіркелген.

«Қызметтік тексеру жүргізілуде. Аудан прокуратурасы тарапынан қару қолдану дұрыс деп табылды», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов оқиға барысында екі адамның полиция қызметкеріне қарсылық білдіргенін, соның салдарынан учаскелік полиция инспекторының травматикалық қару қолданғанын растады.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, оқиға 14 наурыз күні болған. Көрісу айтына орай екі тұрғын үй аралап, арақ ішкен. Көшеде учаскелік полиция инспекторына кездесіп, содан шатақ туындаған. Аяғына оқ тиіп, жараланған тұрғын қазіргі аудандық ауруханада жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда оқушылар төбелесіп, біреуі ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар