БҚО-да өзбекстандық азаматтарды тасымалдаған «Газель» жүргізушісі жауапқа тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 17-19 қаңтар күндері БҚО аумағында «Автобус» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 17 қаңтар күні «Рубеж-Орал» бекетінде «Воронеж-Шымкент» бағытында кетіп бара жатқан «Газель» автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылып, оның ҚР әкімшілік заңнамасын бұзғандығы анықталды.

Аталған жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің бірден үш бабы бойынша, атап айтқанда, 572-бабы 2-бөлігі (жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы), 593-бабы 3-бөлігі (жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) және 590-бабы 10-бөлігіне (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) сәйкес жауапқа тартылды.

Жүргізушінің өзбекстандық азаматтарды тасымалдап бара жатқаны белгілі болды. Дегенмен көші-қон заңдылығын бұзушылық анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2018 жылы қоғамдық көліктің қатысуымен облыс аумағында 11 жол апаты болып, соның салдарынан 7 адам қаза тапты, 15-і түрлі жарақат алды. Соның ішінде алтауы қоғамдық көлік жүргізушісінің кінәсінен орын алды, мұнда 3 адам көз жұмып, алтауы жарақаттанды.

Биыл жыл басынан бері материалдық залал келтірген қоғамдық көліктің қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы болды.

Сонымен қатар 16-20 қаңтар аралығында республикалық «Мигрант» жедел алдын алу шарасы да жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар