БҚО-да өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 726 млн теңге бөлінді

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығын субсидиялауға биыл бюджеттен 726,4 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде тыңайтқыштар құнын жеңілдетуге жергілікті қазынадан 153 млн теңге қаралды.

Осы қаржыға 1600 тоннаға жуық тыңайтқыш құнын субсидиялау көзделуде. Күні бүгін 1543 тонна тыңайтқыш сатып алуға шарт жасалып, соның 937 тоннасы немесе 58 пайызы жеткізілді.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, 121 млн теңге 38 мың литр пестицид бағасын арзандатуға жұмсалмақ. 23,5 млн теңге 7 170 мың текше метр су жеткізу үшін қызмет құнын субсидиялауға қаралды.

Сондай-ақ 1700 тонна тұқымды субсидиялауға 247 млн теңге берілді.

Д.Омашевтің сөзіне қарағанда, субсидиялау бағдарламаларынан бөлек, көктемгі-далалық жұмыстарды қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиелендіруге БҚО-ға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 950 млн теңге (мөлшерлеме 5 пайыз), «Агробизнес» арқылы 250 млн теңге (мөлшерлеме 17 пайыз) бөлінді.

Қазіргі уақытта барлығы 1050,2 млн теңге несие берілді, соның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 39 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге – 942,8 млн теңге, «Агробизнес» арқылы 4 шаруаға – 107,4 млн теңге. Өтінімдер көп түскен жағдайда қосымша қаражат қарастырылуы мүмкін.

«Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 520,5 мың гектар болмақ. Соның 213,7 мыңы – дәнді дақылдар, мұның 57 мыңы – күздік дақылдар. Жаздық дәнді дақылдар 156,7 мың гектарға жеткізілмек. 126 мың гектарға майлы дақыл себілетін болса, соның 55 мыңы күнбағыс болмақ. Сондай-ақ 8762 гектарға картоп және көкөніс-бақша дақылдарын, 172 мың гектарға мал азықтық дақылдарды егу жоспарлануда. Көктемгі егіске қатысатын техника дайын, өңір қажетті тұқыммен, жанар-жағар маймен толық қамтылған», деді Д.Омашев.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Мұрат Ихсановтың айтуынша, Қазақстанға барлық ауыл шаруашылығы техникаларының жартысынан көбі аталмыш компанияның қаржылай қолдауымен әкелінген. Тек өткен жылы компания 141 млрд теңгеге 7200 техниканы сатып алуды қаржыландырған. Соның ішінде БҚО-да 8,2 млрд теңгеге 1060-тан астам техника 428 агроқұрылымға лизингке берілді.

«Биыл бұл мақсатқа 5,5 млрд теңге қаралып отыр. Үш айдың қорытындысы бойынша облыс агроқұрылымдарымен 1 млрд 152 млн теңгені құрайтын 204 техниканы лизингке беру жөнінде келісім-шарт жасалды. Соның 96-сы (891,4 млн теңге) – көктемгі-далалық жұмыстарға арналған техникалар. Оған қоса 1,142 млрд теңгеге 99 техникаға өтінімдер қабылданып, оңды шешім шығарылды», деді М.Ихсанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 521 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар