БҚО-да оңтүстік аудандарға жол салуда өрескел кемшіліктер анықталып отыр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар, жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолдарын салуда өрескел кемшіліктер анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің ең шалғайда орналасқан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарын облыс орталығымен жалғастыратын жол құрылысын салу 2018 жылы айтылып, оны бастапқыда 2021 жылы бітіру көзделген еді.

Алайда кестеден кешіккен жол биыл да аяқталмай отыр. Аталған аудандар тұрғындары көктем және күз кезінде жолға шығарда күн жауын-шашынды болмаса екен деп жандарын шүберекке түйіп отырады.

Қазіргі таңда кейбір жерлерде жол құрылысы жүріп жатқанымен, Казталов-Жәнібек жолының 53-95 шақырымында Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылына дейін ешқандай асфальт төселмеген. Лайсаң кезде батып жатқан автокөліктерді жиі көруге болады.

Құрылыс жұмыстары. Фото: instagram.com/bko_jolsapa

Мәселенің тағы бір маңызды қыры – жолдардың сапалы салынуы.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының директоры Зәуірбек Қыпшақбаевтың айтуынша, аталған бағытта жол құрылысы жұмыстары мен материалдарына сараптама ұдайы жүргізіліп келеді.

Биыл филиал қызметкерлері 227 рет жолға шығып, бақылаған кезде 200-ге жуық ақау анықталған. 598 материал сұрыпталып, 86 сынама ҚР стандарттарына сәйкес келмеген.

Атап айтқанда, «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолының 50-103 шақырымын күрделі жөндеу учаскесінен (техникалық қадағалау – «Әлем 11» ЖШС, мердігері – «Ақжол құрылыс» ЖШС) өрескел ақаулықтар шыққан. Мұнда жоба талабына (М1400) сәйкес келмейтін қиыршықтас қолданылуда. Нысан басында жүргізілген комиссиялық зертханалық жұмыстар барысыында нақты беріктілік көрсеткіші М800 екендігі белгілі болды. Филиал зертханасында да осы көрсеткіш расталған.

Фото: instagram.com/bko_jolsapa

Зәуірбек Қыпшақбаевтың сөзіне қарағанда, асфальтобетон жамылғысының сапасын анықтау мақсатында жасалатын керн сынамасын сұрыптау барысында ұзындығы 500 метр астыңғы қабат асфальтбетон жамылғысына қолданылған. Ол 1700 негізгі құрылымға (ЩПЦС) пайдаланылатын қоспасына араластырылған. Барлық сапасыз атқарылған жұмыстарға ұйғарым берілді және қабылдауға жарамсыз.

Сол секілді «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» автожолының 95-138 шақырымында (мердігер – «Теміржолжөндеу» ЖШС, инженерлік қызмет – «Техстройконсалтинг» ЖШС) асфальт жамылғысының тығыздық коэффиценті сәйкес келмейді.

Айналма жолдарда күтіп ұстау, тегістеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген, жамылғыда жоба талабына сай келмейтін материалдар жиі қолданылады.

Құрылыс жұмыстары мен материалдарының сараптамасы.

Фото: instagram.com/bko_jolsapa

«Казталов-Жәнібек» автожолының 53-95 шақырымында Күйгенкөлге дейінгі учаскеде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы өз ісін салғырт атқарғаны үшін «Теміржолжөндеу» ЖШС-мен келісімшартты бұзды. Осыған байланысты 2022 жылы бұл учаскедегі жұмыс тұралап қалды», деді Зәуірбек Қыпшақбаев.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Қазбек Мәмбетов өз мойнына алған міндеттемені орындамаған «Теміржолжөндеу» ЖШС-мен келісімшарттың өткен жылы үзілгенін растады.

«Биыл екі рет тендер ойнатылып, мердігер анықталмады. Тек тамыз айында өткізілген үшінші тендерден кейін «Юнисерв» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Әзірше мердігер компания кезекші техникаларын қойып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде. Материалдар дайындап, келесі жылы сол учаскедегі жөндеу жұмыстарын бастап кетеді», - деді Қазбек Мәмбетов.

Құрылыс жұмыстары. Фото: instagram.com/bko_jolsapa

Оның мәлім еткеніндей, бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан, жалпы алғанда, өткен жылмен салыстырғанда, алты учаскеден тұратын «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» автожолдарында биылғы құрылыс-монтаждау жұмыстарында ілгерілеушілік байқалады.

«Құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техника мен маман саны биыл екі есе артты. Қазір екі нысанда 700 маман еңбектеніп, 600 арнайы техника жұмыс істеуде. Жол қызметкерлерінің 90 пайызы – жергілікті тұрғындар. Оған қоса 4 асфальтбетон зауыты бар. Егер өткен жылы шамамен 41 шақырымға асфальт төселсе, биыл 75 шақырымда сондай жұмыстар атқарылды. Аталған күре жолдардың 122 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілді», деді Қазбек Мәмбетов.

Облыс жолдарын салу мен күрделі жөндеуде кедергі келтіріп отырған жайттың бірі – битум мен қиыршықтастың жетіспеушілігі мен оларды жеткізудегі қиындықтар. Осы орайда мердігерлердің де уәжін түсінуге болады. Мысалы, қиыршықтас Ақтөбе облысынан теміржол арқылы тасымалданады. Жәнібек пен Сайқын стансаларына жеткенше 1300 шақырымды бағындыруға тура келеді. Осының ішінде 500 шақырымы Ресейдегі теміржол арқылы өтеді. Ал ресейліктер халықаралық талапқа сай келмейтін жүк вагондарын өткізбейді.

Бұған байланысты Қазбек Мәмбетов сол жүк вагондарын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға беру керектігін, сонда мәселені шешуге болатынын жеткізді.

«Битум Ақтаудан жүк көліктерімен тасымалдануда. Қазіргі кезде кідіріс жоқ. Құрғақ битумды да қолдануға болады. Алдағы жылы жол жөндеу жұмысын уақтылы бастап кету үшін жол құрылысы материалдарын қыс кезінде дайындап қоюымыз қажет», деді Қазбек Мәмбетов.

Қорыта айтқанда, шалғайдағы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын мекендейтін жұртшылық аталмыш жол тым болмаса алдағы жылы бітсе екен деп армандайды.

Бөкей ордасы ауданы тұрғындары облыс орталығы – Орал қаласына екі бағытта қатынай алады. Бірі – Сайқын-Бисен-Өнеге-Казталов, екіншісі – Сайқын-Жаңақала арқылы. Әйтсе де Жаңақала бағытында да қатқыл табанды жол жоқ. Тек биылдан бастап Жаңақаладан Бөкей ордасына қарай жол салу қолға алынды. БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеевтің сөзіне қарағанда, Жаңақала-Сайқын бағытындағы жол құрылысына биыл 2,2 млрд теңге бөлінді. Әзірше 8 шақырым жол салынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салынатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарына апаратын жол 2019 жылы салына бастайды деп хабарланған.

БҚО-да алыс аудандарға жол салуға 20 млрд теңге қарастырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасын шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін БҚО-да жол салу жұмысы қалай жүріп жатқанын ҚазАқпарат тілшісі де көріп қайтқан болатын.


Басты фото: instagram.com/bko_jolsapa






Соңғы жаңалықтар