БҚО-да оқушы үш жасар баланы құтқарып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында оқушы үш жасар баланы суға кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиевтің айтуынша, бұл оқиға 5 мамыр күні орын алғанымен, кейін белгілі болды.

Қошанкөл ауылындағы мектептің 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов кешкісін малды өрістен қарсылауға шығады. Ауыл жанындағы қар суынан жиналған тоғанға барған кезде кішкентай баланың табанын көзі шалып қалады. Жалма-жан шешінбестен суға секіріп, баланы алып шығады. Тездетіп алғашқы көмекті жасаған кезде бала есін жинайды.

nullӘлі үшке тола қоймаған Аршаттың әкесі Медет Түменовтің сөзіне қарағанда, кенже ұлы сол күні екі ағасымен (үлкенінің өзі 1-сыныпта оқиды) тоған жағасына барып, ойнаған. Екеуі өздері ойнап жатқанда, Аршат суға түсіп кеткен. Абырой болғанда, Нұрдәулет келіп үлгерген.

Нұрдәулеттің мектепте қызмет атқаратын анасы Гүлжан Сисенова да ұлының іс-әрекетіне дән риза. Ал Нұрдәулет төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек беру жайын мектептегі ережеден көкейге түйгендігін жеткізді.

«Нұрдәулеттің оқыс оқиға кезінде ешқандай абыржымастан кішкентай бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуы үлгі етуге тұрады. Қазіргі кезде Нұрдәулет Айболатовты аудан басшылығы тарапынан марапаттау шарасы қарастырылып жатыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Жұмағалиев.

Соңғы жаңалықтар