БҚО-да оқушы өрт кезінде қырағылық көрсетіп, екі адамды алып шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында оқушы тұрғын үйдегі өрт кезінде қырағылық көрсетіп, екі адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Байғалиұлының айтуынша, оқиға 22 ақпан күні сағат 17.30 шамасында болды.
Қ.Байсықов атындағы мектептің 11-сыныбында оқитын Мирас Жүнісов сабақтан келе жатқанда, көрші үйдің терезесінен жарқ еткен жалынды байқап қалады.

Үйдің ішіне кіргенмен, қара түтіннен ештеңе көрінбейді. Сосын көрші үйге барып, өртпен күрес бөліміне хабарлайын деп қайта шыққанда, кішкентай баланың дауысы естіледі. Үйдің ішіне кіріп, баланы алып шығады. Қорқып қалған бала тағы кім бар екендігін айта алмайды. Сол мезгілде ер адамның жөткірінген дыбысы шығады. Оның да сыртқа шығып, көрші үйге жетуіне жәрдемдеседі. Содан кейін оқиға жөнінде өртпен күрес бөліміне хабарланады.

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, ол үйде (екі пәтерлік үйдің бір жағында) тұратын Гүлнәз Жұмахметованың үш ұлы бар. Үлкені Темірлан Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқиды. Ортаншысы Ғани Қарағанды қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 9-сыныбында.

Ең кішісі, 2011 жылғы Ғалым Қ.Байсықов атындағы мектептің 1-сыныбында білім алуда. Сол күні Гүлнәздің үйіне «Қадыр Аманжол» шаруа қожалығында шопанның көмекшісі болып жұмыс жасайтын 1965 жылғы ағасы Бейбіт Демеуғалиев келген. Өрт тұтанған кезде ол Ғалым екеуі демалып, ұйықтап жатқан.

«Мирас Медетұлы - оқу озаты, «Алтын белгіден» үміткер. География пәнінен аудандық олимпиаданың екінші орын иегері, облыстық «Эрудит» байқауының жүлдегері. Қоғамдық шараларға белсене араласады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін оқушы», - дейді Болат Байғалиұлы.
№18 өртпен күрес бөлімінің бөлімше командирі Еркебұлан Нұғмановтың сөзіне қарағанда, Ә.Молдағұлова көшесі бойындағы №13/1 үйдегі өрт аумағы 51 шаршы метрді қамтыған. «Тілсіз жау» екі сағат ішінде ауыздықталды. Көрші пәтердің бұрышы да жанған.

«Қазіргі уақытта өртенген төрт бөлмелі шағын үй тұруға жарамсыз болып қалды. Дегенмен ауылдағы мекемелер, кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар уақытша басқа пәтерде тұрып жатқан Гүлнәзға заттай, тағамдай көмектесуде. Қаржы да жиналуда», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Байғалиұлы.

Соңғы жаңалықтар