БҚО-да наурызда 3 мыңға жуық адамды коронавирусқа қарсы егу көзделіп отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында наурыз айында 3 мыңға жуық адамды коронавирусқа қарсы егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, облыста індетке қарсы 27 егу орны бар.

Егу кабинеттері қажетті жабдықтармен, екпеден кейін болуы мүмкін қолайсыз жағдай кезінде шұғыл көмек көрсету алгоритмдерімен қамтамасыз етілген. Дезинфекциялық стерильдеу қағидалары қатаң сақталады.

Барлық екпе орындарында тоңазытқыштар бар. Қосымша 5 тоңазытқыш жеткізілмекші.

Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, вакцинацияның бірінші кезеңінде 1 мың адам екпе алды.

Соның ішінде 204 медицина қызметкері екінші компонентпен егіліп үлгерді.

Осы кезге дейін өңірде 12844 адам дертке шалдығып, 10355-і сауығып шықты. 199 адам көз жұмды.

Биыл 3623, 1 ақпаннан бері 1786 адамның ауырғаны тіркелді. Ақпан айында науқастармен қарым-қатынаста болған 2996 адам медициналық бақылауға алынды.

Соңғы аптада (19-25 ақпан) алдыңғымен салыстырғанда, індет жұқтырудың 7 пайызға (465-тен 432-ге) төмендегені байқалады.

Осы айда коронавируспен сырқаттанғандардың 584-і (32,6 пайызы) – жұмыс істейтіндер, 459-ы (25,6 пайызы) – зейнеткерлер, 390-ы (21,8 пайызы) –жұмыссыздар.

«Оқу жылы басталғаннан бері барлығы 465 оқушыдан індет табылды. Үшінші тоқсанда, яғни 11 қаңтардан бастап дәстүрлі сипатта оқитын 133, қашықтан білім алатын 109, барлығы 242 шәкірт ауырды. 11-25 ақпан аралығында қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 6 мектеп карантинге жабылды», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Қарашығанақ кенішінде 41 адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар