БҚО-да монополист мекемелердің бағаны негізсіз өсіргені анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - БҚО прокуратурасының тексерісі нәтижесінде коммуналдық қызмет бағалары төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, электр қуаты және жылу бағасы төмендеді. Мысалы, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қызметінде өткен жылы 71,9 млн теңгеге тариф сметасының орындалмау фактілері анықталды.

Осылайша бұл соманы өтеу үшін бұрын электр қуатының құны 5,47 теңге болса, 2018 жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсаны аралығында 1 киловатт үшін 5,37 теңгеге түсті.  Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап баға 5,01 теңгеге дейін төмендейді деп жоспарланып отыр.

Сол секілді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылумен қамтамасыз ету тарифі 78,28 теңгеге төмендеді.

Монополист міндетті төлемге жататын 49,2 млн теңгені шығындамай, оны жылу қуатының бағасына қосқан. Сондықтан тұтынушыларға аталған соманы қайтару мақсатында 1 Гкал үшін тариф 5289,77 теңгеден 5211,49 теңгеге төмендеп, ол 2019 жылғы 31 тамызға  дейін өзгермейді.

«Оған қоса, тексерістің нәтижелері «Ақсайжылуқуат» МКК-мен бекітілген Ақсай қаласының тұрғындары үшін жылу қуатын пайдалану құнын 5452,95 теңгеден 5335,97 теңгеге төмендетті. Бұл жерде «Ақсайжылуқуат» кәсіпорны тарифке жеке ұйымның 11,3 млн теңгеге есептегіш құрылғыларды қондыру қызметін қосқан. Алайда дәл осы жұмысты өздері жасай алады. Артық сома 1 Гкал үшін  тарифті 116,98 теңгеге төмендету арқылы тұрғындарға қайтарылатын болады», - деп хабарлады БҚО прокуратурасы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елбасы Қазақстанда электр қуатының құнын төмендетуді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар