БҚО-да миллиондарды жымқырған дәрігер сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов аудандық №2 сотының 18 қазандағы үкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қарағайлы» облыстық туберкулезден емдейтін шипажайдың бас дәрігері Айман Мұқашева ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бабы 1-бөлігі, 366-бабы 1-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 2, 3-тармақтарына сәйкес айыпты деп танылып, 58-баптың 3-тармағы қолданыла отырып, оған түпкілікті жаза - мүлкін тәркілеумен бірге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеу белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, А.Мұқашева қызмет бабын пайдалана отырып, 2013 жылдың 1 қаңтары мен 2015 жылдың 30 қыркүйегі аралығында аса ірі көлемде қаржы қымқырған. Атап айтқанда, науқастардың медициналық карталарын жалған толтыру, стационардағы төсек-күн санын жасанды көбейту жолымен аурулар үшін тамақ пен дәрі-дәрмек алуға бөлінген 26 млн. астам теңгені иемденген.

Оған қоса сотталушы қарауындағы қызметкерлерден жалақылары қате аударылып кетті деген желеумен сол ақшаны өзіне қайта алып отырған. Сөйтіп 2013 жыл мен 2015 жылғы қыркүйек аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасына 4 358,5 мың теңге материалдық залал келтірген.

Мұнымен қоймай, 2011 жылдан 2015 жылдың қыркүйегіне дейін санитарлық қызметкер Х-ны өз үйінің қызметшісі ретінде ұстап, оған 4 386 525 теңге жалақыны негізсіз төлеген.


Бұған қоса өзінің күйеуін күзетші ретінде қызметке алу туралы бұйрық шығарған, ал ол жалақы алғанмен, шын мәнісінде бұл жұмысты атқармаған.

Сонымен қатар медбике Т. мен санитарлық қызметкер С.-дан жұмыс уақыты кезінде арақ ішкені үшін жұмыстан қумаймын деп, олардың әрқайсысынан 15 мың теңгеден пара алған.

Ақыры 2015 жылдың қыркүйегінде су сорғысын алуға қажет деп, қарауындағы қызметкерлерден қаржы жинап, 110 мың теңгені өз қажетіне жұмсаған.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар