БҚО-да мейірімді жандардың көмегімен жас жігіт пен оның анасы баспаналы болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-ның Сырым ауданында мейірімді жандардың көмегімен жас жігіт пен оның анасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің директор-редакторы, ақын Бауыржан Ширмединұлының айтуынша, 23 жастағы Алтынбек Құрманғазиевтің тағдыры кішкентайынан қиын қалыптасқан.

Әкесін көріп үлгермеген ол әр жерде білім алды, жүк тасушы, кейін аспаз мамандығын меңгерді. Жоқшылықтың кесірінен анасы денсаулығынан айырылды. Сырқат анасымен пәтер жалдап, күн кешкен Алтынбек имандылыққа бет бұрып, мешітке келді. Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Әділхан Наурызбайдың тарапынан жылылық тапты.

Жігіттің қиын тағдыры туралы Б.Ширмединұлы «Анамды қайда апарамын?» деген тақырыпта мақала жазып, халықтан қолдау сұрады.

Бір аптаның ішінде 2 млн 246 мың теңге жиналып, аудан орталығы Жымпитыға жалғасып жатқан Өлеңті ауылынан газ, суы бар 6 бөлмелі үй сатып алынды. Баспанаға қажетті тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ, үйдің іші-сыртын ретке келтіру де ұмыт қалған жоқ.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні А.Құрманғазиевке үйдің кілті табыс етілді.

Рәсімге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов осы игілікті істің басы-қасында ауыл азаматы Темірлан Ғаббасовтың да жүргенін жеткізіп, облыстық орталық мешітке, қолұшын созғандардың бәріне алғысын айтты.

«Осылайша аудандық газеттің қолдауымен екінші отбасы үйлі болып отыр. Бұған дейін «Газеттен жасалған үй» жобасымен Көгеріс ауылында үш балалы ана баспанаға қол жеткізген еді», дейді А.Сарқұлов.

ҚМДБ жанындағы «Зекет» қайырымдылық қорының БҚО-дағы өкілі, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Самат Әлібаев бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, аталған қордың қолдауымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 232-інші отбасы баспаналы болып жатқанын атап өтті.

«Nur Otan» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев игі тілегін білдіріп, жаңа үй иесіне қысқа толқынды пешті сыйға тартты.

«Карантин кезінде кафе, мейрамханалар жабылғандықтан, Алтынбек жұмыссыз қалған еді. Бұл мәселе де шешімін тапты. Ағаларының қолдауымен Алтынбек Жымпиты ауылында салынып жатқан жаңа мешітке күзетші болып жұмысқа тұрды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Бауыржан Ширмединұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мүмкіндігі шектеулі отбасына қайырымды жандар үй алып бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар