+7 (701) 759 90 19
USD 426.01 EUR 493.75
RUB 6.05 CNY 66.62
Jańalyqtar

БҚО-да «Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру көзделуде

2021 жылғы 15 ақпан 21:50
Бөлісіңіз:
БҚО-да «Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Ақмола облысындағы көлдер қалай тазартылады Атырауда мұнай өңдеушілер 5 гектарға 2 500 көшет отырғызады Әділет министрі қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған заңдар туралы айтты

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Facebook-тегі өз парақшасында мәлім еткеніндей, мемлекет жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы бойынша өңір тұрғындарына 100 – 580 мың теңге аралығында қайтарымсыз гранттарды беру үшін жүздеген млн теңге бөліп келеді.

Биыл осы мақсатқа 800 млн теңгеге жуық қаржы жоспарланды.

Әдетте тұрғындар гранттарды құс өсіруге, тігін машиналарын, кондитерлік жабдықтар алуға, шаштараз ашуға және басқа мақсатқа пайдаланады.

БҚО әкімдігінің бастамасымен биылдан бастап бағдарлама аясында грант есебінен жеміс-жидек бұталары мен ағаш көшеттерін беру ұсынысы енгізілді.

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №932 қаулысына сәйкес «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтыру енгізіліп, мемлекеттік гранттар бұдан былай көшет, бұталарды, тұқымдарды және өсімдіктерді сатып алуға берілетін болды.

«Еңбек» бағдарламасына сәйкес атқарылған жұмыстарды сараптап қарағанда, өкінішке қарай, өткен жылдары грант алғандардың ішінде тек 15-20 пайызы ғана өз кәсібін жүргізіп, тұрақты табыс көзін таба алды.

Әкімнің сөзіне қарағанда, бау-бақша өсірудің пайдасы мол. Өйткені жеміс-жидектерге, сондай-ақ одан өндірілген джем, тосап, кептірілген жеміс сияқты өнімдерге нарықта сұраныс мол.

Егер бұл жеткілікті өндірілген жағдайда шеттен келетін өнімдердің орнын басып, тіпті ығыстырып шығара алар еді. Оның үстіне экологиялық жағынан таза табиғи өнімнің сапасы да жоғары болатыны түсінікті.

Қазіргі таңда осы жергілікті өнімдерге кеңінен жол ашу үшін мемлекеттік тапсырыс беру жолдары қарастырылуда.

Бақ жақсы бапталса, ол иесіне жыл сайын тұрақты өніммен бірге кіріске қол жеткізуге және болашақта 3-8 млн теңге көлемінде жеңілдікпен шағын несие алуға мүмкіндік береді.

Әсіресе, ауылдық жерлерде мыңдаған отбасы өз үйлерінің ауласынан бақша өсіріп, табыс таба алады. Ол үшін аулада 20 - 50 шаршы метр жер телімі болса жеткілікті.

Осы орайда өңірде тұрғындарға ақыл-кеңес беріп, жол көрсететін бағбандар аз емес. Соның бірі – оралдық Қайрат Кәрімов. Бау-бақша иелері алысқа бармай-ақ, осындай білікті бағбаннан ағаш көшеттерін, өсімдік тұқымдарын сатып алар еді.

Атақты ғалым-селекционер Иван Мичуриннің шәкірті Сергей Исаевтың ісін жалғастырған Қ.Кәрімов сегіз жылдан астам уақыттан бері Орал қаласы маңындағы аумағы 5 гектар бұрынғы алма бағы алқабында бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Бүгінде С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық питомник-бақтың даңқы Ресей ғана емес, басқа да шет елдерге жеткен.

«Мұнда алманың 200, жүзімнің 175 түрлі өсіріледі. Қай жерде жылт еткен жаңалық бар, соны іздеп тауып, өз бағымда жүзеге асыруға тырысамын. Дастарханымызда кептірілген жеміс түрлері жеткілікті. Бау-бақша өсіремін деушілерге қолдан келген көмегімізді көрсетуге дайынбыз. Әр аула, әр ауыл, әр қала жасыл желекке толса, одан бүкіл халық ұтар еді. Жеріміз жалаңаш қалмас еді. Алдағы уақытта Самара бағытындағы жол бойынан тағы бір жер телімін алып, дұрыс сұрыпталған ағаштардан орман өсіргім келеді. Сонда біздің елімізге кірген шетелдіктердің көзіне керемет жасыл тоғай түсер еді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қайрат Кәрімов.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT