БҚО-да мемқызметшілер жаңажылдық корпоративтің орнына қайырымдылық жасады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық мемлекеттік қызметшілер жаңажылдық корпоративтердің орнына қайырымдылық жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» атты қайырымдылық іс-шарасы аясында 14 млн астам теңге жиналды.

Осы қаражатқа азық-түлік себеттері сатып алынып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға таратылатын болады.

Бүгін «Ел ырысы» базары аумағында бастапқы 200 себет таратылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңажылдық кештерді өткізу тоқтатылған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен қайырымдылық іс-шарасына департаменттер мен басқармалар қызметкерлері белсенді атсалысты. Жыл соңына дейін жалғасатын іс-шара аясында шамамен мыңға жуық отбасыны қамту көзделуде.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мұндай іс-шаралардан тәртіп сақшылары да қалыс қалмай, жүйелі үн қосып келе жатқанын, бұл жолы 8 отбасыға көмек көрсетілгенін жеткізді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаевтың сөзіне қарағанда, бұл, бір жағынан, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолдау. Екінші жағынан, азық-түлік себетіне салынатын өнімдер жергілікті кәсіпорындардан сатып алынады. Яғни, отандық өнім өндірушілерге де қолдау жасалып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда желтоқсан айында 700-ден астам адамның коронавирус жұқтырғанын, Оралда карантин тәртібі 49 мәрте бұзылғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар