БҚО-да мектеп оқушысы машина айдап, апатқа ұшырады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында жол апаты орын алып, 17 жасар қыз бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға кеше кешкісін аудан орталығы Жаңақала ауылы маңында болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, Жаңақалаға 4 шақырым жерге сағат 19.20-да жедел жәрдем шақыртылды.

Жол-көлік оқиғасынан 2002 жылғы қыз бала зардап шеккен. Түнде Орал қаласынан нейрохирург, хирург, реаниматолог шақыртылған.

«Қызға ота жасалды, жағдайы өте ауыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Айнагүл Сақпосынова.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Лада Ларгус» автокөлігінің жүргізушісі Чапаев-Сайқын жолының 121-шақырымында, Жаңақала ауылы тұсында рульге ие бола алмай, көлігі аударылып қалған.

Автокөлік рулінде Жаңақала ауылындағы №3 мектептің 11-сынып оқушысы болған. Көлікте одан басқа тағы 5 оқушы отырған.

Алдын ала мәлімет бойынша немересі атасынан автокөліктің кілтін сұрап алып, сыныптастарымен бірге қызғалдақ теруге барған.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар