БҚО-да медбике вакцинация паспортының заңсыз беріліп келгенін айтып шағымданды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында медбике вакцинация құжаттарының заңсыз беріліп отырғанына шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, Бәйтерек ауданы 2-ауруханасының медбикесі Жанаргүл Калашникова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың атына хат жазып, аталмыш мекемеде заңсыздыққа жол берілгенін мәлімдеген.

Осыған байланысты БҚО денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.

Басқарма мәліметіне қарағанда, медбике аурухана директоры орынбасарының біржақты көзқарасына шағымданған.

«Медбике хатында аталған мекеме директорының орынбасары вакцинация құжаттарын заңсыз беріп отырғаны, науқастарды ақылы қабылдау деректерінің болғаны жөнінде айтады. Өткен аптада ауруханаға денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы жіберілді. Жанжалға қатысты екі тараптың да пікірі тыңдалып, түсініктеме алынды. Құқықтық баға беру үшін БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне және полиция департаментіне арыз жазу жөнінде шешім қабылдады. Тиісті тексеру аяқталып, аталған дерек бойынша шешім қабылданғаннан кейін ресми мәлімет беріледі» деп хабарлады ведомстводан.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті аурухана директорының орынбасары мемлекеттік қызметші болмағандықтан, бұған қатысты іс қаралмайтынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар