БҚО-да қызылшамен ауыру оқиғалары тіркелген жоқ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда қызылшамен ауыру оқиғалары тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, өңірде қызылшаның алдын алу мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылуда.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызылшаның алдын алу бойынша өңірлік штабтың екі отырысы өтті. Бұдан басқа медициналық ұйымдар мектептердегі медицина қызметкерлерінің қызылшаға қырағылығын күшейту мақсатында оқыту семинарлары мен дөңгелек үстелдер өткізуде. Ата-аналардың ортақ чаттарына қызылшаның алдын алу жөнінде жадынамалар жолданды. Қызылшаға қарсы қауіпсіз вакцинаның қоры облыста жеткілікті. Қызылша ауруына қатысты барлық сұрақтар бойынша облыста Call орталықтар жұмыс жасайды, тел.нөмірлері 8 7112 518255, 24 00 06», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Жайдар Бисенбайұлы.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, соңғы кезде әлемнің көптеген елдерінде қызылша ауруы асқынып кетіп отыр. Еуропа мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақстанмен шекаралас елдерде қызылшаның тіркелуі инфекцияның өсуіне алып келді. Адамдардың егілмеуі, соның ішінде болашақ аналардың болуы тұрғындар арасында қызылшаның таралуына жол ашып отыр.

Айта кетейік, қызылша - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын жұқпалы ауру. Ауру адам арқылы беріледі.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғану вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады.

Соңғы жаңалықтар