БҚО-да күшті жел мектеп пен тұрғын үйлердің шатырын жұлып әкетті
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 5 тамыз күні сағат 20.30-да Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық округі Жұбан елді мекенінде күшті жел Талап мектеп-балабақша кешені шатырын (аумағы 20 шаршы метр) жұлып түсірді.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 3310 шаршы метр, 1981 жылы салынған мектеп 2009 жылы жөндеуден өткен.
Сол секілді 5 тамыз күні сағат 19.00-де Сырым ауданы Талдыбұлақ ауылында қатты жел салдарынан 11 тұрғын үйдің шатыры (65 шаршы метр) сыпырылып түсті.
Сондай-ақ 10 шаруашылық құрылысының шатырына ішінара нұқсан келді.
Үш электр бағаны құлап, 30 абонент (барлығы 116 абонент, соның ішінде 4 әлеуметтік мекеме) жарықсыз қалды.
Оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсай қаласында 20 жастағы жігіттің 8-қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.