БҚО-да құрылыс заңнамасын бұзған компанияларға ₸7,3 млн айыппұл салынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құрылыс заңнамасын бұзған компанияларға 7,3 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, биылғы бірінші тоқсанда жоспардан тыс 10 тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде 31 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, 7 млн 365,750 мың теңге айыппұл салынған.

Оның сөзіне қарағанда, елді мекендердің аумағында әртүрлі мақсаттағы нысандарды өз бетінше салуға жол берілмейді.

Нақты айтқанда, ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес, мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Қазіргі таңда мониторинг қорытындыларына сәйкес Орал қаласында 9 құрылыс нысанының өз бетінше салынғаны анықталды.

Мысалы, Ружейников көшесі 9-мекенжайы бойынша көппәтерлі тұрғын үй құрылысын айтуға болады. Күні бүгін аталған нысан бойынша мәселе сотта қаралуда.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 66 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 102 әкімшілік іс қозғалып, 29 млн астам теңге айыпұл салынған болатын.

Тексеру нәтижесінде Орал қаласында 6 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тоқтатылды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің хаттамалық тапсырмасына сәйкес басқарма Орал қаласы әкімдігімен, жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, құрылыс алаңдарын, қоршауларды, сондай-ақ іргелес аумақтарды құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес келтіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.

«Облыс бойынша 60 тұрғын үй салынып жатса, соның ішінде 45 көпқабатты тұрғын үй Орал қаласында бой көтеруде. Қазіргі кезде 25 құрылыс салушы компанияға қатысты тексеріс жүргізіліп, соның 14-інің заң бұзғаны анықталды. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді М.Отарбаев.

Соңғы жаңалықтар