БҚО-да күннің ысуына байланысты құрғақ шөптің өртенуі көбейіп кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында күннің ысуына байланысты құрғақ шөптің өртенуі көбейіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бас маманы Нұралы Мусиевтің мәлім еткеніндей, өткен демалыс күндері Қаратөбе, Сырым, Тасқала және Қазталов аудандарында 1800-ден астам гектар жерді шарпыған құрғақ шөп жануының 4 дерегі тіркелді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының ескертуіне сәйкес облыс аумағында 13 маусымнан бастап IV және V дәрежелі өрт қаупі жарияланды.

13 маусым күні Қаратөбе ауданында 765 гектар алқапта құрғақ шөп өртенді. Табиғи өртті сөндіруге ТЖ департаменті (5 қызметкер, 1 техника) және ерікті өрт сөндіру құрылымдарының (20 жұмысшы, 4 техника) күш-құралдары жұмылдырылды.


Сондай-ақ сол күні Сырым ауданы Аралтөбе ауылдық округінде бірнеше учаскеде құрғақ шөп жанды. «Тілсіз жау» ТЖ департаменті (7 қызметкер, 2 техника) және ерікті өрт сөндіру құрылымдарының (10 адам, 3 техника) күшімен ауыздықталды.

Бұған дейін өңірде жыл басынан бері 3 орман, 1 дала өрті тіркелген болатын.

«Дала өрті өте қауіпті. Оның жалыны орман мен ауылдарды шарпуы мүмкін. Әсіресе, желдің күшеюі өрттің өршуіне әсер етеді. Құрғақ шөптің жануынан қатты түтін тарайды. Одан бөлінетін улы газ, формальдегид, күйе, циклдік көмірсутегі адамның денсаулығына зиянды. Сондықтан қазіргідей кезеңде тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы маңызды. Соның ішінде қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге болмайды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Мусиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйдегі өрт орнынан ер адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар