БҚО-да күн қатты ысып, өрт қаупі жарияланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өрт қаупінің күшейгені жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес 21 маусымнан бастап Орал қаласында, Қазталов, Теректі, Зеленов және Жәнібек аудандарында ІV дәрежелі өрт қаупі күтіледі.

Мұндай жағдайда өрт шағын от көздерінен шығып, тез жайылады.

Сонымен қатар Қаратөбе, Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Бөкей ордасы аудандарында V дәрежелі өрт қаупі орнатылады. Мұндайда өрт кез келген от көздері мен жоғары температураның әсерінен пайда болып, өте қарқынды жанады.

Облыс аумағында ауа райының жауын-шашынсын болуына әрі күннің ысуына байланысты өрт қаупі күшейіп отыр.

Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында тиісті шараларды алуда.

Департаменттен түскен дерекке қарағанда, өңірде табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру бағытында 150 ерікті өртке қарсы құрылым (2966 адам) жұмыс жасайды. Олар 9 автоцистерна, 448 басқа бейімделген техника, 1701 аспалы өрт сөндіру құралы және 105 мотопомпамен қамтылған. Оған қоса жергілікті атқарушы органдардың күш-құралдары дайын.

Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 22,1 гектарды қамтыған 2 орман өрті, сондай-ақ 111 табиғи жану тіркелді.

Еске сала кетейік, өткен жылы өңірде дала өрті жиі орын алып, соның салдарынан екі адам қаза тапқан болатын.

Соңғы жаңалықтар