БҚО-да коронавирус жұқтырғандар ауруханаға ауыр халде түсіп жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар ауруханаға ауыр халде түсіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, әсіресе, дерт жасы ұлғайған және созылмалы ауруы бар адамдар арасында ауыр өтуде.

«Өткен жаздағы жағдай қайталанбас үшін тұрғындар барлық алдын алу шараларын сақтап, ЖРВИ белгілері байқалған сәтте-ақ медициналық көмекке жүгінгені жөн», деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Облыста осы кезге дейін 14078 адам індет жұқтырса, соның 11582-сі немесе 82,2 пайызы жазылып шықты, 224 адам көз жұмды.

Қазіргі таңда карантиндік стационарларда 10 адам емделуде. Ал жұқпалы аурулар стационарларында 274 адам ем алуда. Соның ішінде 12-сі жансақтау бөлімінде жатса, бұлардың біреуі – 50-60, бесеуі – 60-80 жас аралығындағылар, алтауы – сексеннен асқандар. 10 науқастың созылмалы дерті болса, соның жетеуі жүрек-қан тамырлары ауруларына, үшеуі қан диабетіне шалдыққан.

Күні бүгін инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 7, оттегі концентраторына 8, орталықтандырылған оттегі көзіне 69 науқас қосылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда карантиндік шаралар күшейтілгенін, наурызда коронавирус жұқтырғандар саны 1 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар