БҚО-да коронавирус жұқтырған адамдар көбейіп барады – әкім

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған адамдар көбейіп барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің желідегі парақшасында мәлім еткеніндей, күн сайын өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған, аурудың айқын белгілері бар (жөтел, дене қызуы және т.б.) 30-35 адам тіркеледі. Ауру белгілері жоқ науқастар да көптеп анықталуда.

«Біз қосымша ауруханаларды іске қосып жатқанымыздың өзінде коронавирусқа шалдыққан адамдар саны күн сайын артып, жаңадан ашылған орындар тез толып қалуда. Дәрігерлер мен медбикелер аурумен күнде күресіп, бірнеше айдан бері тыным таппай еңбек етуде», деп жазады өңір басшысы.

Бұл өте қауіпті ауру және оның бар екеніне көпшіліктің көзі жетті. Өйткені дертке туысқан, достар, әріптестер шалдығуда. Күні бүгін 15 адам өкпені жасанды желдету аппаратына, 21 адам оттегі аппаратына қосылып жатыр.

Осындай жағдайға қарамастан, кейбір азаматтар әлі де көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар (туған күндер, садақа, тойлар) ұйымдастырып жүр.

Ауру жұқтырған науқастармен жүргізген сауалнамаларға қарағанда, көптеген адамдар осындай шаралардан соң ауыра бастаған. Кейін осындай жауапкершілігі төмен адамдар вирусты өз отбасыларына, бірге жұмыс жасайтын әріптестеріне жұқтырады.

Осындай анықталған деректер бойынша материалдар сотқа жолданды. Бірақ барлығын бақылау мүмкін емес. Осы ретте қоғамның қолдауы қажет.

Қазіргі жағдай өте күрделі екенін түсіну қажет. Отбасылық және көпшілік шараларды өткізбеу керек. Шұғыл қажет болмаса, көп адамдар шоғырланған жерлерге шықпаған жөн. «Сіздің және жақын адамдарыңыздың денсаулығы мен өмірі ең алдымен өзіңізге байланысты. Санитарлық және шектеу шараларды бұзатын адамдарға ескерту жасап, автобустар мен дүкендерде қорғаныс шараларын сақтауды талап етіңіз.

Ал азық-түлік, қажетті заттар және дәрі-дәрмектерге бара алмайтын мұқтаж адамдар «109» нөміріне өтініш қалдыра алатыны туралы айтқым келеді. Біздің еріктілер оларға бар қажетті заттарды жеткізуге көмектеседі. Бұл пандемияны жеңуге болады. Бірақ бәрі өзімізге байланысты», деп бағыттады сөзін өңір тұрғындарына Ғ.Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда санитарлық талаптарды сақтамаған 11 нысанның қызметі тоқтатылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар