БҚО-да коронавирус жұқтырған 40 науқас ауыр халде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 96 төсектік жансақтау бөлімшесінде 40 науқас емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың 35-і ауыр және бесеуі аса ауыр халде.

Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 5, инвазивті емес осындай құрылғыға 23 науқас қосылған.

Жансақтау бөлімшесінде жатқандардың 28-і жүрек-қан тамырлары, 8-і қант диабетіне шалдыққан.

Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, облыстық жедел жәрдем стансасына соңғы тәулікте 872 қоңырау шалынса, соның 47-сі КВИ-ге қатысты болып, 27 науқас стационарға жатқызылды.

Қазіргі кезде облыста 1373 адам амбулаторлық ем алуда, олардың 62,5 пайызында ауру жеңіл өтуде, 15,8 пайызында орташа ауыр, 21,5 пайызы – симптомсыз науқастар.

Коронавирус жұқтыру көрсеткішінің төмендеуіне байланысты инфекциялық стационарлардағы төсек саны 1459-дан 1063-ке қысқарды. Күні бүгін қалалық көпбейінді ауруханада инфекциялық төсек-орындар жабылып, дәрігерлер штаттық режимде жұмыс жасауға көшті. Науқастарды жоспарлы және шұғыл түрде қабылдау ісі қайта жалғастырылды.

«Облыстағы 1063 төсектік 19 инфекциялық стационарда барлығы 505 науқас ем қабылдауда. Олардың ішінде вакцина алғандар үлесі – 4 пайыз, жағдайлары орташа. Бұл ауырып жатқандардың дені вакцина алмаған тұрғындар екендігін көрсетеді. Пандемия басталғаннан бері індет жұқтырған 35 928 адамның 27 850-і немесе 77,8 пайызы жазылып шықты. Солардың ішінде 13 171-і стационарлық, 14 804-і амбулаториялық ем алды. Барлығы 705, биыл 536 адам коронавирустан көз жұмды», деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 209 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын, 1,4 мыңға жуық науқастың амбулаторияда емделіп жүргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО мектептерінде 130 оқушыдан коронавирус анықталды.


Соңғы жаңалықтар