БҚО-да коронавирус 41-60 жас аралығындағы азаматтарда көбірек тіркелуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 338 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім еткеніндей, індет 41-60 жас аралығындағы адамдар арасында көбірек тіркеліп отыр.

Атап айтқанда, ауырғандардың 48-і – 14 жасқа дейінгілер, 19-ы – 15-17, 14-і – 18-25, 75-і – 26-40, 97-сі – 41-60 жас аралығындағылар. 85-і – алпыстан асқан азаматтар.

Департамент мәліметіне қарағанда, соңғы аптада (30 қыркүйек – 6 қазан) алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 7,9 пайызға (429-дан 395-ке) төмендеді.

Пандемия басталғаннан бері облыста барлығы 37 810 науқас тіркелсе, соның 30225-і сауығып шықты. 776-сы көз жұмды.

Індет жұқтырғандардың 18 963-і Орал қаласы, 5043-і Бәйтерек, 4599-ы Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 225 мыңға жуық адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар