БҚО-да қомақты қарызы бар азаматтар шетелге емін-еркін шығып жүрген

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар сот орындаушылардың қызметінен заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, аталған мекеме жүргізген тексеріс кезінде атқару құжаттары тең бөлінбегені, мәжбүрлеп орындату шаралары қабылданбағаны, орындау үшін ақша негізсіз ұсталғаны және борышкерлердің жауапкершіліктен жалтарғаны анықталған.

Мысалы, бір сот орындаушысы мемлекетке 10,1 млн теңге қарызы бар азаматтың жер теліміне 2016 жылдан бері тыйым салмаған.

Сондай-ақ борышы 40 млн теңгеге жеткен 26 азаматқа шет елге шығуға тыйым салынбаған. Соның ішінде бір азаматтың қарызы 2 млн теңге болса да, ол 2017 жылы Ресей Федерациясына бірнеше рет барып-келген.

Бұдан бөлек, бірқатар борышкерлер өз шоттарынан қаражатты кедергісіз алып жүрген. Айналым қаржысы 1 млрд теңгеден асқан.

Сот орындаушылары 256 атқару құжатын мүлікке тыйым салмастан және өндірместен қайтарған. Соның салдарынан бюджетке 4,7 млн теңге түспеді. Жеке сот орындаушылары өндіру үшін адамдар бұрын төлеп қойған, жалпы сомасы 1,9 млн теңге болатын 139 әкімшілік айыппұлды орындауға заңсыз қабылдаған.

Ішкі істер органдарында өндірілуге тиісті сомасы 15,3 млн теңгені құрайтын 1352 әкімшілік материал сот орындаушыларына жолданбаған. Прокурорлар 11 мыңнан астам борышкердің табысы мен еңбекақысы, 3 мың адамның тыйым салынбаған мүлкі бар екенін анықтады.

Тексеріс нәтижесінде прокуратура 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады. 60 млн теңге бюджетке қайтарылды. 12 адам әкімшілік, 60 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Палатадан төрт жеке сот орындаушысын шығару, бір жеке сот орындаушысының лицензиясын тоқтата тұру жөнінде Әділет министрлігіне ұсыныс енгізілді.

 

Соңғы жаңалықтар