БҚО-да колледж қаржысын жымқырған бас есепші сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында колледждің 5,7 млн теңге қаржысын жымқырған бас есепші сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Зеленов колледжі» МКҚК бас есепшісі Казаковаға қатысты қылмыстық іс бойынша ҚР Қылмыстық процесс жүргізу кодексінің 200-бабы тәртібінде енгізілген ұсыныс қаралды.

Сот отырысына БҚО білім басқармасының басшылығы, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева қатысты.

Анықталғанындай, Казакова 2017-2018 жылдары бас есепші міндетін атқара жүріп, колледждің 1,275 млн теңгесін қолма-қол ақша ретінде жымқырған. Оған қоса, 3 119 033 теңгені өзінің жеке есепшотына аударған. Сондай-ақ 1 354 100 теңгені «Ахундова Р.А.» ЖК мен «Логашкина М.А.» ЖК есепшоттарына аудару арқылы қолма-қол ақшаға ауыстырған.

Бұдан басқа, 2016-2018 жылдары кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқан. Яғни туысы Р.Ахундова арқылы «Ахундова Р.А.» ЖК-ны құру мен басқару ісіне араласып, мемлекеттік сатып алу порталында колледжбен келісімшарттар жасау түрінде оған басымдықтар мен жеңілдіктер берген.

Бәйтерек аудандық сотының үкімімен Казакованың 4 жылға бас бостандығы шектелді.

Талдау нәтижелері БҚО білім басқармасы тарапынан тиісті ведомстволық бақылаудың болмауы салдарынан осы қылмыстық құқықбұзушылыққа жол берілгенін көрсетті. Сондықтан басқарма басшысына ұсыныстар берілді, соның ішінде алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар