БҚО-да көлік апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Toyota Camry-дің жүк көлігімен соқтығысуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, DAF жүк көлігіне соғылған Toyota Camry жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған болатын.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жол апаты жөнінде хабар 18 қазан күні сағат 15.47-де түссе, жедел жәрдем көлігі 16.10-да жеткен.

Жеңіл көліктің рулінде болған Бәйтерек ауданының 34 жастағы тұрғыны қаза тапса, жол апатынан тағы үш адам зардап шекті.

Соның ішінде Бәйтерек ауданы Көшім ауылының 26 жастағы тұрғыны білегінен көптеген сынық жарақаттарын алып, әуелі Ақжайық аудандық ауруханасына жатқызылды. Кейін облыстық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды.

Миы шайқалған шымкенттік 28 жастағы тұрғын да аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерге жүгінген 27 жастағы тағы бір шымкенттік тұрғынның дені сау болып шықты.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар