БҚО-да қолдан жасалған ұшу аппаратының құлауы: Қылмыстық іс қысқартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қолдан жасалған ұшу аппаратының құлауына байланысты қозғалған қылмыстық іс қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 28 тамыз күні Оралда қолдан жасалған ұшу аппараты құлап, 69 жастағы азамат қаза тапқан болатын.

БҚО полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Николай Коломицкийдің мәлім еткеніндей, осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабына (ұшу немесе оған дайындық ережесін бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, Теректі ауданы полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізді.

«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес өлімнің себебі марқұмның көптеген сүйектері сынып, ішкі органдарының үзілуінен болғаны анықталды. Қылмыстық іс бойынша тиісті органдарға сауалдар жасалды. Солардан келген жауаптарға қарағанда, жәбірленушінің ұшуға рұқсаты болмаған. Сондай-ақ ұшу аппараты еш жерде тіркелмеген. Аппарат қолдан жасалғандықтан, ол бойынша зерттеу жұмыстары да жүргізілмеген. Сондықтан қылмыстық құрамы болмауына байланысты іс қысқартылды», деді Н.Коломицкий.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қолдан жасалған ұшу аппаратының құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар