БҚО-да көктемгі су тасқынымен күреске резервте 1,5 млрд теңге қаралып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынымен күрес жұмыстарына резервте 1,5 млрд теңге қаралып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, қазіргі таңда 443 тонна жанар-жағар май, 88 мың дана қап, 22 мың тонна инертті материалдар қоры дайын.

Бақытжан Мағзомұлының сөзіне қарағанда, жарушылар бригадалары үшін 6,820 млн теңге, аэровизуальді зерттеулер жүргізуге тікұшақты тартуға 16,7 млн теңге, қаптар сатып алуға 2,895 млн теңге көлемінде келісімшарт жасауға қаражат көзделген.

Тасқын сулардың өтуі бойынша Ақтөбе, Атырау және Ресейдің көршілес облыстарымен болжамдар мен жедел ақпаратпен тұрақты түрде алмасу жұмысы жүргізілуде.

Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайды жоюға 2591 адам, 734 техника, 45 жүзу құралы және 295 мотопомпа тартылмақшы. Күш-құралдардың дайындығы «Көктем-2021» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу барысында тексерілетін болады.

Күні бүгін барлық өзендер қысқы режимде, жағдай тұрақты.

«Қазіргі кезде қала мен елді мекендерден 461 мыңнан астам текше метр қар шығарылып, 1150 текше метр еріген су сорылды. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде аула аумақтары мен елді мекендер көшелерін еріген су басу қаупі туындайды. Мұның себептерінің бірі – қарды уақтылы шығармау. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес Орал қаласында аумақты абаттандыру ережесін бұзғаны, яғни қарды уақтылы шығармағаны үшін 4 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды», деді Б.Ихсанов.


Соңғы жаңалықтар