БҚО-да киік санының артуына байланысты шаруалардан шағым көбейіп отыр

None
Фото: Эльвира Меңдіғали
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында киік санының артуына байланысты шаруалардан шағым көбейіп отыр. Бұл туралы киік популяциясын реттеу мәселесі бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімовтің мәлім еткеніндей, соңғы жылдары Орал киіктері популяциясының қарқынды өскені байқалады.

Қазіргі таңда киіктер Батыс Қазақстан облысының Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Тасқала және Ақжайық аудандарын мекендейді. Қыс мезгілінде Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарымен қатар Атырауға қарай, сонымен қатар Ресей Федерациясының Саратов және Волгоград облыстарының аумағына қоныс аударады.

Қ.Есімовтің сөзіне қарағанда, күні бүгін киіктер көші-қонының нақты шекаралары жоқ. Олар малмен бірге жайылып, бірге су ішеді.


Киіктер төлдер алдында негізінен Жәнібек ауданының Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдарының аумақтарында шоғырланады. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындар тарапынан шағымдар көбейіп отыр. Осы орайда БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Бөкейорда» резерваты, «Охотзоопром» мекемесі және Жәнібек ауданының әкімдігі бірлесе отырып, киіктерді кедергілер, тосқауылдар орнату, адами ресурстарды пайдалану арқылы резерваттың аумағына бағыттап айдау көзделуде.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған мәселені шешу мақсатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2022 жылғы 3 маусымдағы бұйрығына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, киік санын басқару бойынша жол картасы әзірленді. Соған сәйкес Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен «Зоология институты» РМК Орал киік популяциясын реттеу бойынша биологиялық негіздеме дайындады.

Өткен жылы «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылды. Резерват өз жұмыстарын бастап кетті, соның ішінде су көздерін іздестіру жұмыстары да қолға алынады.

«Алайда, қабылданып жатырған шаралар мәселені толығымен шешпейді. Сондықтан киіктер мен олардың дериваттарын пайдалану жөнінде тиісті биологиялық негіздеме дайындап, Орал популяциясы киіктерінің санын корал әдісімен реттеу қажет. Бұл әдістің жануарларды атумен салыстырғанда артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл адамгершілік сипатқа ие, екіншіден, жануарларды жыныстық-жас құрамы мен майлылығы бойынша сұрыптау мүмкіндігі бар, сондай-ақ киіктердің етін толықтай пайдалануға болады. Киіктердің егістік, шабындық, жайылым жерлерге келтірген залалын өтеу үшін тиісті әдістеме әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Жазғы маусымның жақындап қалғанын ескере отырып, тез арада әдістеме әзірленіп, соған байланысты тиісті нормативтік актілерінің шығуы қолға алынса деген ұсыныс бар», деді Қ.Есімов.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким келтірген мәліметке қарағанда, Қазақстанда әлемдегі киіктердің 97 пайыздайы мекендейді. 2022 жылы әуеден жүргізілген есеп бойынша олардың саны 1 млн 318 мың болса, соның 801-і Орал популяциясына жатады.

А.Ким де Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің көбеюіне орай бірқатар өзекті мәселелердің туындап отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, жайылым мен судың тапшылығы, шабындық және егістік жерлерді киіктің таптауына байланысты арыз-шағым көбейді.

«Әлемдегі киіктердің негізгі бөлігі Қазақстанда мекендеуіне байланысты халықаралық сарапшылардың ұсыныс-пікірлері де маңызды. Осыған байланысты биылғы мамыр айында киік санының өсуіне талдау жасау үшін халықаралық сарапшылардың Батыс Қазақстан облысында болуы жоспарлануда. Содан кейін киік саны мен оның дериваттарының айналымын реттеу бойынша ұсынбалар дайындалып, биологиялық негіздемеге енгізіледі. Киік популяциясының дамуына болжам жасау, олардың қоныстануы мен көшу жолдарын анықтау, азықтық базасын зерттеу бағытында ғылыми жұмыстар жүргізу көзделуде», деді А.Ким.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жергілікті ғалымдар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, киіктердің тым көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.


Соңғы жаңалықтар