БҚО-да қатты жел үйлер мен ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қатты жел үйлер мен ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 21 шілде күні сағат 16.00 шамасында Ақжайық ауданының Жаңабұлақ ауылында болды.

Аудандық ТЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рауан Қашқынбаевтың сөзіне қарағанда, қатты желдің салдарынан 50-ден астам үйдің, бірнеше ғимараттың шиферлары ұшып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, соның ішінде ауыл әкімдігі ғимаратының 25 шаршы метр, орта мектептің 100 шаршы метр шифері қираған. Тұрғын үйлердің сарайлары мен қора-қопсыларының төбелері де сондай күйге ұшырап, екі электр бағанасы құлады.

Қазіргі кезде ауылда арнайы комиссия жұмыс жасап, келген шығын есептелуде.

Айта кетейік, сол күні кешкісін Орал қаласында да күн күркіреп, найзағай ойнап, қатты жауын болды. Соның салдарынан көшелер өз алдына, «Сити центр» сауда орталығының төменгі қабатын су басты. «Орал» сауда көңіл көтеру орталығының төбесінен су ақты. Бұл туралы вацап арқылы видеолар тарады.

Орал қалалық ТЖ басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ольга Протопопова бұған байланысты ешқандай қоңырау  шалынбағанын мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар