БҚО-да кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасағандардың бірі іздестірілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы қаңтарда Орал қаласында тұратын кәсіпкерге қарақшылық шабуыл жасалды.

БҚО ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Сергей Шевченконың айтуынша, орта жастағы үш адам кәсіпкерді қала сыртына, Желаев кенті жағына алып шығып, күш көрсетіп, ақша талап еткен. Жәбірленушінің 100 мың теңгесі мен алтын бұйымдарын тартып алған. Осы оқиғаға қатысы бар 35-40 жас шамасындағы, мүліктік қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған екі күдікті қолға түсті. Бұлар кәсіпкермен бұрыннан таныс болып шықты.

«Қазіргі кезде қарақшылық шабуыл жасағандардың бірі 1970 жылғы Аманбай Мырзағұлов іздестірілуде», - деді С.Шевченко.

Олардың үстінен қарақшылық шабуылға қоса, адам бопсалағаны үшін де қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, өңірде соңғы кезде осындай тағы бір оқиға тіркелді. Оралға қарасты Зачаган кентінде желтоқсан айының аяғында дүкенге жасалған шабуыл да ашылды. Түн жамылған, бетперде киген төрт адамнан тұратын топ шолақ аңшы мылтығын қолданып, дүкен иесін қорқытып, сол күні түскен 21 мыңдай теңгені алып кеткен. Оралға қарасты Меловые горки мен Круглоозерный кентінің бұрын сотталған 20-25 жасар тұрғындары болып шыққан олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде.

Сондай-ақ Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында талас-тартыстың кесірінен 39 жастағы Мацко сол аяғынан айырылды. Өзара керісіп жүрген, жәбірленушіден жасы кіші сол ауылдың тұрғыны өзі жасаған шолақ мылтықпен атып, оны аяғынан жаралаған. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның аяғын сақтап қала алмай, кесулеріне тура келді. Күдікті болса, ұсталып, қамауда отыр.

Соңғы жаңалықтар