БҚО-да қарауындағылардан ақша жинаған әкім тәртіптік жазаға ілікті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында қарауындағылардан ақша жинаған ауыл әкімінің тәртіптік ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

БҚО бойынша әдеп жөніндегі кеңес отырысында мәлім болғанындай, Зеленов ауданы Рубежин ауылының әкімі Айбар Жаңабаев қарауындағы қызметкерлердің іссапар қаражатынан 5 мың теңгеден жинап отырған.

Тексеріс кезінде анықталғандай, А.Жаңабаев әкім болып тағайындалған 2015 жылғы желтоқсаннан бергі мезгілде 190 мың теңгедей жиналған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің ұсынысы негізінде тәртіптік ісі қаралған А.Жаңабаев кеңес отырысында қаржының ғаламтор байланысының ақысын төлеуге, автокөлікті жөндетуге, қосалқы бөлшектер алуға жиналғандығын айтып, кінәсін мойындады.

Әдеп жөніндегі кеңес талқылай келе, Айбар Жұмабаевқа мемлекеттік қызметке кір келтіретін бұзушылық жасағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза қолдану жөнінде Зеленов ауданы әкіміне ұсыныс жасады.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сондай-ақ көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыровтың ісі қаралды.

Орал көлік прокуратурасының мәліметіне қарағанда, қаладан қатынайтын пойыздарды тексеру жүйелі ұйымдастырылмаған. Оның үстіне, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті қызметкерлер жауапқа тартылмаған. Мысалы, биылғы наурыз айында Орал-Алматы бағытындағы пойызды тексеру барысында ішек құрты бактериясына байланысты төрт дерек белгілі болып, сол бойынша бір ғана жолсерік жауапқа тартылған. Осы бойынша кешенді тексеру жүргізілмей, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы жауап беруден тыс қалған. Сол секілді Орал-Астана бағытындағы №196 пойызда 44 вагон болса, соның біреуінен ғана бұзушылық табылуы таңданыс туғызады.

Кеңес отырысында А.Батыров басқарма мамандары пойызды бір сағат ішінде тексеруге үлгермейтінін алға тартты.

Қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданбағаны үшін А.Батыровқа қатаң сөгіс беру ұсынылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қарауындағы қызметкерден пара алған басшыны қызметінен босату ұсынылғаны жөнінде жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар