БҚО-да карантин талабын бұзғандарға 7 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айының алғашқы күндері үйлерінде оқшаулануы тиіс 24 адамның карантин талабын бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, солардың 21-і – «қызыл» мәртебесі бар, яғни коронавирус жұқтырған адамдар. Үшеуі – ауырғандармен байланыста болғандар.

М.Арыспаевтың сөзіне қарағанда, 10 маусымнан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес карантин тәртібін бұзған «қызыл» мәртебесі бар

адамдарға 159 хаттама толтырылып, 6 млн 927,875 мың теңге айыппұл салынды.

Департамент басшысының айтуынша, жыл басынан бері 29 895 адамның індет жұқтырғаны расталса, соның 48 пайызы (14 405) Орал қаласында, 15 пайызы (4438) Бәйтерек, 13 пайызы (3721) Бөрлі ауданында тіркелді.

Соңғы аптада (29 қазан – 4 қараша) алдыңғымен (22-28 қазан) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 3,4 пайызға (292-ден 282-ге) кеміді.

Қараша айында анықталған 157 науқастың 79-ы (50 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 38-і (25 пайызы) профилактикалық мақсатта қаралса, 36-сы (23 пайызы)

бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған. Төртеуінен (2 пайызы) эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған.

Жас ерекшеліктері бойынша 19-ы – 14-ке дейінгілер, төртеуі – 15-17, 10-ы – 18-25, 41-і – 26-40, 38-і – 41-60 жас аралығындағылар, 45-і – алпыстан асқандар.

Соңғы төрт күнде 15 оқушы және 3 педагогтан індет табылды. Олардың бәрі де үй ішінде ауырғандармен байланыста болған. Сондай-ақ арнаулы орта оқу орындарында 1, ЖОО-да 3 студенттің сырқаттанғаны белгілі болды.

«Қарашада 105 жолаушы мемлекеттік шекарадан анықтамасыз өткен. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын, анықтамасы жоқ 127 жүргізушіден ПТР тест алынған кезде олардың екеуінен коронавирус табылды», деді М.Арыспаев.

Облыста тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары толықтай аяқталды. Бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол+ « вакцинасының 68 мың дозасы сатып алынып, тұмауға қарсы барлығы 67 944 адам егілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8,4 төмендегенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар