БҚО-да карантин талабын бұзғандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шілде айында мониторинг топтары 149 рейд жүргізіп, 615 нысанды қамтыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы кезеңде 17 нысанда карантин талабын бұзушылық анықталды.

Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 22 хаттама толтырылып, 2 млн 464,865 мың теңге айыппұл салынды.

«Карантин талабын көбінесе қоғамдық тамақтандыру орындары, атап айтқанда, кафе, мейрамханалар бұзуда. Олар, әсіресе, демалыс күндері адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуді тоқтататын емес», деді М.Арыспаев.

Оның айтуынша, «Ashyq» жобасы бойынша облыста 526 нысан жұмыс істейді.

26 сәуірден бері осындай нысандарға барған үйлерінде оқшаулануы тиіс «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 499 адам анықталды.

Соның ішінде 14 жеке тұлғаның әрқайсысына 30 АЕК (87510 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Шілде айында өңірде індет жұқтырған 1396 адамның 42 пайызы (582) Орал қаласында, 16 пайызы (222) Бәйтерек, 15 пайызы (204) Бөрлі, 4 пайызы (60) Теректі ауданында тіркелген.

Ауырғандардың 141-і – 14 жасқа дейінгілер, 57-сі – 15-17, 113-і – 18-25, 365-і – 26-40, 445-і – 41-60 жас аралығындағылар, 275-і – алпыстан асқандар.

Тек соңғы тәулікте 191 адамнан коронавирус табылды.

Соңғы аптада (2-8 шілде) алдыңғымен (25 маусым – 1 шілде) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 38 пайызға өсіп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 122 мыңнан астам адамның коронавирусқа қарсы егілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар