БҚО-да карантин талабын бұзған әкім орынбасарына айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында маска тағу режимін бұзған Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитоваға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазталов ауылындағы А.Оразбаева атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизованың мәлім еткеніндей, әкім орынбасары өткен жылғы 6 қараша күні Сарықұдық мектебінде жиналыс өткізіп, онда маска тақпай отырған.

З.Мәжитованың карантин тәртібін бұзғанын сол жиналыстан түсірілген суреттерден көруге болады. І.Мәжитованың сөзіне қарағанда, ол алдымен аудан әкіміне, содан кейін полицияға шағым түсірген. З.Мәжитованың өзі коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі аудандық мониторингтік топтың жетекшісі бола тұра, маска тақпауын жалғастырып, карантин тәртібін биылғы қаңтар айында да бұзған.

Қазталов ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талғат Хайдаровтың айтуынша, І.Мәжитованың арызы бойынша 3 желтоқсан күні аудандық полиция бөлімінен Зәйлім Мәжитованың карантин режимін бұзғаны туралы әкімшілік іс құжаттары келген. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес оған 230 АЕК көлемінде 638 940 теңге айыппұл салынды.

«Осы кодекстің 810-бабында көрсетілген әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізудің негізінде Зәйлім Мәжитова жеті күннің ішінде айыппұлдың 50 пайызын, яғни 319 470 теңгені төледі. Яғни кодекске сәйкес қысқартылған іс бойынша жеті күн ішінде төлесе, айыппұл өтелген болып саналады. Бұл кісіге байланысты одан басқа іс түскен жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Хайдаров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда соңғы үш күнде 180 адамның коронавирус жұқтырғанын, қалада жексенбі күндері қоғамдық көліктің жүрмейтінін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар