БҚО-да қандай компаниялар жолды сапасыз салады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тексеру кезінде жолдардың сапасыз салынғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің мәлім еткеніндей, автомобиль жолдарының сапалы салынуын қамтамасыз ету және осы салада сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында өткен жылдың 10 маусымынан бері «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс жасап келеді.

«Жоба аясында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалымен және арнайы мониторинг мүшелерімен бірлесіп, биыл облыстық – бір және Орал қаласындағы төрт автомобиль жолын тексерген кезде кемшіліктер анықталды», - дейді Н.Самет.

Мысалы, Оралдағы Лесозащитная көшесінде (бас мердігері – «Ануш құрылыс» ЖШС) кәріз құдықтарының қақпақ люктері асфальттың жоғарғы қабатынан шамамен 8 сантиметр төмен салынған. Оған қоса, жобада тұрғынжайларға кіреберістер ескерілмеген және жолдың екінші бетінде тротуар қарастырылмаған. Бұл, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда.

Сол секілді 8 наурыз көшесінде (бас мердігері «Түркістан Жол Сервис» ЖШС) жол жүру бөлігі тротуардан 7 сантиметрге жоғары салынған. Тұрғынжайларға кіреберіс жоқ, жол жиектерінің бекітілмеуі оның бұзылуына әкеп соқтырады.

Нұрдәулет Саметтің сөзіне қарағанда, Ә.Молдағұлова көшесінде (бас мердігері – «Бірлік» ЖШС) өткен жылғы ескертулерді жою жұмыстарына мониторинг жүргізілген. Алайда, мердігер ақауларды әлі күнге дейін ретке келтірмеген. Атап айтқанда, мердігер кепілдік міндеттемелерге сәйкес жол төсемінің жоғарғы қабатын ауыстыруы тиіс еді. Оның орнына тек шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталған.

Бәйтерек ауданындағы Үлкен Шаған – Переметный жолын орташа жөндеу (бас мердігері – «АСФА» ЖШС) кезінде автокөліктер үшін айналып өтетін жол қарастырылмаған. Ал жол жөндеу жұмыстары бір қозғалыс жолағын жабу арқылы жүргізілуде. Мұндай кемшіліктер жүргізушілерге қиындық туғызуда.

Мониторинг қорытындысына сәйкес олқылықтарды жою үшін тапсырыс берушіге тиісті хаттар жіберілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңа көпірде салынып жатқан жиектастың талапқа сай келмейтінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар