БҚО-да индустрияландыру картасы аясында ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр

None
None
ОРАЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында индустрияландыру картасы аясында ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің айтуынша, Еуро-5 экологиялық сапалы бензин өндіретін нысан, кернеуі 6-10 кВ-ға жететін күш трансформаторлары зауыты, қуаты 200 МВт газтурбиналы электр стансасы, жылына 5 мың тонна ет өнімдерін шығаратын ет өңдеу кешенін салу бағытында дайындық және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өңірде бұған дейін индустрияландыру бағытында бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылған болатын. Бұлардың қатарында газтурбиналы электр стансасын, термотөзімді әйнек, полиэтиленді тұрбалар шығару, арнайы техника құрастыру өндірістері және басқаларын айтуға болады. Сондай-ақ Ақсай индустрияландыру паркі жаңа өндіріс орындарын реттеп, тың технологияларды енгізетін орталық болып табылады. Қазіргі таңда жасалып жатқан 2020 жылға дейінгі ҚР индустриялдық-инновациялық даму тұғырманасы аясында және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру мақсатында бес басымдық бағыт белгіленді. Олар - машина жасау, құрылыс индустриясы, көлік-логистикалық жүйесі, туризм және агроөнеркәсіп кешені. Мәселен, машина жасау саласында «Орал «Зенит» зауыты» АҚ базасында салмағы 600 тоннаға дейін жететін әскери және азаматтық бағыттағы кемелерді шығару ойластырылуда. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да авиация мен энергетика қажеттілігі үшін жоғары технологияға негізделген газтурбиналы машина құру қызметтік орталығын құру көзделуде. «КазАрмапром» ЖШС машина жасау саласы үшін жоғары дәлдікпен құю өндірісін жолға қоймақшы. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында барлық шаруа қожалықтары, азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар және ғылым, білім мекемелерін біріктіретін өңірлік агроөнеркәсіп кластері құрылмақшы. Бұл ретте Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде қолға алынған индустриялық аквамәдени ғылыми-өндірістік орталығын айтуға болады. Жоба жүзеге асқан кезде жылына 10 млн. дана шабақ, 10 мың кг тауарлы балық өндіру, 200-ге дейін балық шаруашылығы саласы мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру көзделуде. Сонымен бірге облыста калий тұзы кенішін игеру ойластырылуда. Көлік-логистикалық жүйесі саласында Орал әуежайы қайта құрылатын болады. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатса, алдағы жылы ұшып-қону жолағы ретке келтірілмек. Көлік-логистикалық орталығы, индустриялық аймақ құру да жоспарда. Туризм саласында Шалқар көлі жағасында шипажай мен балалар сауықтыру лагерьлері, Оралда бес жұлдызды қонақүй салынбақшы. Құрылыс индустриясы саласында өнеркәсіп кәсіпорындары, ғылым-білім мекемелері құрылыс материалдарын өндіру кластерін құру бағытында күш біріктіретін болады.
Соңғы жаңалықтар