БҚО-да Хан ордасы музей-қорығында визит орталығы салынуда

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында визит орталығы салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музей-қорық директоры Ғайса Махимовтің мәлім еткеніндей, тарихи Хан ордасы ауылына келетін туристерді қабылдап, ақпараттық-танымдық қызмет көрсететін визит орталығы мен қызметкерлерге қажетті әкімшілік ғимаратының құрылысы өткен жылы басталған болатын.

Оның айтуынша, осы мақсатқа қажетті қаражат бөлініп, қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Визит орталығы Хан ордасы ауылының тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттау, келушілерді ақпараттандыру, оларға қызмет көрсету мақсатында бой көтермекші.

Мұнда тұрақты және уақытша көрмелер, түрлі көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, келушілерді қабылдап, алғашқы ақпарат беретін, кәдесый сататын орындар, фотосалон, Бөкей ордасының тарихы туралы роликтер көрсетіп тұратын интерактивті телевизор, көрме, шаралар өткізілетін зал, кафетерий, балалар ойнайтын зал болады. Осы жерде алыстан келген қонақтар демалып, бағыт-бағдар алып, ауыл немесе музей-қорық іші бойынша экскурсиялар жөнінде ақпаратқа тапсырыс береді. Бұл бағытта визит орталығында ауыл тұрғындары үшін қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындары ашылады.

Тарихи мекеннің екі ғасырдан астам уақыт бойғы шежіресі Хан ордасы музей-қорығында көрініс тапқан. Музейдің өзі 1962 жылдан бастау алады. Бастапқыда Орда тарихи-революциялық музей ретінде оны 55 экспонатпен белгілі педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ахметфайыз Тәжетдинов ұйымдастырды.

1967 жылы мемлекеттік музейлер санатына енгізілген мұражай жыл санап кеңейе түсуде.

2019 жылдан бастап «Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы» МКҚК болып өзгертілді.

Бүгінде музей-қорық құрамында республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған 13 тарихи-архитектуралық ғимарат пен 3 кесене бар. 7 ғимарат қайта қалпына келтіріліп, музейлендіріліп, халыққа қызмет көрсетуде.

Музей-қорық директорының айтуынша, 2021 жылы 1852 жылы салынған аурухана ғимараты, өткен жылы мемлекет және қоғам қайраткері Сейтқали Меңдешевтің үйі қайта қалпына келтірілді.

Биыл музей-қорық құрамындағы мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның тұрған үйі мен амбулатория ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржы қаралып отыр.

Алдағы жылдары Жәңгір мектебінің мұғалімдері тұрған үйге (А.Тәжетдиновтың мемориалдық музейі), «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейіне», Хан сарайы, «Хан мешіті», «Қыздар гимназиясы», «Баспахана музейі», Бөкей ордасы тарихы музейі орналасқан «Қазынашылық мекемесі» ғимараттарына және Хан Ордасы ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелеріне күрделі жөндеу үшін ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленді.

«Туристерді тарту үшін дамыған инфрақұрылым қажет екендігі белгілі. Осы орайда республикалық маңызы бар Өнеге-Бисен-Сайқын жолы мен Хан ордасына жеткізетін 21 шақырым жолды талапқа сай жөндеу биыл аяқталады деп үміттенеміз. Ресейдің көршілес Астрахан, Волгоград облыстарымен туристік маршрутты жақсарту жолдары қарастырылуда. Хан ордасын қоршаған Нарынның қарағайлы орманының табиғи ерекшелігін пайдалана отырып, өңір тұрғындарына арналған сауықтыру шипажайын салуға да мүмкіндік бар. Болашақта Хан ордасы ауылына туристік инфрақұрылымдарды дамытып, инвестицияларды тарту арқылы демалу мен емделу нысандарын ашып, этноауыл ұйымдастырып, вело және ат туризмін, минералды су өндіру цехтарын ашу ойластырылады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ғ.Махимов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Хан ордасы музейіне Жәңгір хан мен Шығай сұлтан мөрлерінің нұсқалары табыс етілгенін жазған болатынбыз.

Суреттерді түсірген: Мират Қоржынбаев
Соңғы жаңалықтар