БҚО-да ер адам суға кетіп қала жаздады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында суға кетіп қала жаздаған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Лейла Әбдірахманованың айтуынша, оқиға 10 шілде күні Ақжайық ауданы Чапаев ауылы тұсында Жайық өзенінде орын алды.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, бір топ адам өзен жағасында отырыс ұйымдастырған. Спирттік ішімдік те ішілген.

Біраз уақыттан кейін серіктерімен бәстескен 1963 жылғы ер адам Жайықты жүзіп өтпек болады. Алайда өзеннің ортасына келгенде, әлі құрып, бата бастайды.

Бақытына қарай, оны сол маңда кезекшілікте жүрген құтқарушылар Алдан Жорасов пен Досжан Ізден дер кезінде байқайды.

Құтқарушылардың көмегімен ер адам аман-есен жағаға шықты. Медициналық көмекті қажетсінбеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шалқар көлінде төрт адамның құтқарылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар