БҚО-да «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай туризмді дамытуға мүмкіндік мол - Қоршаған орта және су ресурстары министрі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай туризмді дамытуда мүмкіндік мол. Бұл туралы ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың БҚО-ға жұмыс сапары кезінде айтылды.

Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында өңірге келген топ жетекшісі Нұрлан Қаппаров алдымен облыс активімен кездесіп, «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Министр сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сәйкес халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді шараларға түсінік берді.

Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі де Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға жұмылдырылған. «Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуі әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді», - деді Н.Қаппаров. Қалдықты пайдаға асыру, ауаның ластануына жол бермеу, су жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, энергия үнемдеу және оны тиімді қолдану бағытында нақты шаралар жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ «Жасыл көпір» бағдарламасы, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық мәселесі де сөз болды.

«Батыс Қазақстан - еліміздің табиғаты бай өңірлерінің бірі. Сондықтан мұнда «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Аталмыш көрме кезінде елімізге келетін туристер саны да көбейетін болады. Қазіргі таңда әлемде экологиялық мәселелер өткір тұр. Оның шешілуі осы дүниежүзілік көрмеде көрініс таппақ. Әлемде халық санының артуы, әсіресе, ірі қалаларда анық байқалады. Бұл ретте «ЭКСПО-2017» көрмесі үлкен қалаларда мәселелерді шешудің бір үлгісі болмақ», - деп атап өтті министр.

Бұл ретте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты Батыс Қазақстанда шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. Астанаға экологиялық таза өнімдер, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл орайда Орал әуежайының қайта құрылуы өнімдерді жеткізіп қана қоймай, жаңа жобаларды жүзеге асыруға септеседі. Сонымен қатар шетелден келетін қонақтар Орал әуежайы арқылы елордаға жете алады. Мысалы, БҚО Ресейдің бес бірдей өңірімен шектеседі, ал ол аймақтарда 10 миллиондай халық тұрады», - деді.

Жұмыс сапары барысында министр Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі бекіре балықтарын өсіретін орталықтың жұмысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар