БҚО-да Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай республикалық домбырашылар байқауы өтеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстанның халық әртісі, күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталмыш іс-шара 9-10 желтоқсан күндері Динаның туған жері – Жаңақала ауданы Қызылоба ауылдық мәдениет үйінде өтеді.

Дина Нұрпейісованың күйлерін халыққа кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отырған сайысқа Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 15 үміткер қатысып, бақ сынағалы отыр.

М.Жұбатовтың айтуынша, үш кезеңнен тұратын байқауға биыл 75 жасқа толған елге танымал күйші-ұстаз, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасы төрелік етеді.

«Құрманғазы мен Дәулеткерейге қарағанда, Динаның күйлері орындалуы өте бөлек, күрделі, саусақ қағыстары жағынан ерекшеленіп тұрады. Оған кез келген домбырашының тісі батпайды. Сондықтан күй анасының алтын қорда сақталып қалған жазбаларын тыңдап, түпнұсқаны бұзбай орындау талап етіледі», деді брифингіге қатысқан белгілі домбырашы, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің оқытушысы, қазылар алқасының мүшесі Ербол Ғұбайдуллин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада күйші-ұстаз Айтжан Тоқтағанның мерейтойлық кеші өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар