15:51, 26 Желтоқсан 2018 | GMT +6
БҚО-да дене тәрбиесі сабағынан кейін он жасар оқушы көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында дене тәрбиесі сабағынан кейін он жасар оқушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға кеше қалаға іргелес Зеленов ауданы Асан ауылындағы мектепте орын алды.
Осында 5-сыныпта оқитын бала дене тәрбиесі сабағы кезінде өзін жайсыз сезінген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, мектепке жедел жәрдем сағат 17.52-де шақыртылды.
«Жедел жәрдем көлігі бес минуттан кейін жетті. 2008 жылғы баланың жағдайы өте ауыр болғандықтан, ол жақын маңдағы емдеу орны - қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барлық жансақтау шараларын жасағанымен, баланың өмірін сақтау мүмкін болмады. Өлімнің себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады», - деді А.Сақпосынова.