БҚО-да бюджеттік салада 33 қылмыс тіркелді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Батыс Қазақстан облысында биыл бюджеттік салада 33 қылмыс тіркеліп, келтірілген шығын 210 млн теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Темірлан Шоңаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соның ішінде тоғыз айда «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 8, «Агробизнес - 2020» бойынша 7 қылмыс тіркелген.

Экономикалық тергеу қызметі өндірісінде 9 ай ішінде 162 қылмыстық іске тергеу жүргізілді.

«Қабылданған шаралар сотқа дейінгі тергеу сапасын барынша жақсартуға мүмкіндік берді, тіркелген істердің 60 пайызы аяқталды (98 қылмыстық құқықбұзушылық сотқа жолданды және аяқталмаған негізде қысқартылды). Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асып, соның 1,5 млрд теңгесі өндірілді. Жалпы сомасы 500 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды», - деді Т.Шоңаев.

100 млн астам салық төлеуден жалтарғандарға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Орал қалалық сотының үкімімен басшы шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сонымен қатар 20-дан астам заңсыз құмар ойынына қатысты  ұйымдары анықталды. 10 қылмыстық істің жетеуі бойынша ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Көптеген техникалар, соның ішінде ойын автоматтары тәркіленді.

Облыстық Ішкі істер департаментімен бірлесіп акциздік маркасы жоқ 5 млн астам шетелдік темекі сақталған қоймалар әшкереленді. Бұлардың заңдылығын көрсететін құжаттар болмады.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 214-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Осындай шаралар барысында Орал мен Ақсай қалалары аумағында 14 млн астам темекі өнімдері тәркіленді.

Темірлан Шоңаев сөзіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеуді жүргізу барысында кеден шекарасы, атап айтқанда, Ақтау қаласындағы «МОРПОРТ» кеден бекеті арқылы жалпы сомасы 4,8 млрд теңгенің темекі өнімдерін жалған құжаттар мен анық емес мәліметтер көрсетілген декларацияларды пайдалану арқылы өткізуге қатысты оқиға анықталды.

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 234-бабы 3-бөлігіне (экономикалық контрабанда) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ол тергеу үшін орталық аппаратқа жіберілді», - деді Т.Шоңаев.

Соңғы жаңалықтар