БҚО-да бұралқы иттер бір ауладан 60 қойды қырып кетті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бұралқы иттер бір ауладан 60 қойды қырып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің айтуынша, оқиға аудан орталығы Жымпиты ауылында болды.

Оның сөзіне қарағанда, кеше түнде бұралқы иттер ауыл тұрғыны Батырбек Жұбанғалиевтің қорасына кіріп, 25 қойы мен 23 қозысын өлтірген. Оған қоса, бүгін түнде иттердің тағы 10 бас қойды қырып кеткені анықталды.

«Бүгін қойға шапқан екі қаңғыбас иттің көзі жойылды. Сонымен қатар тұрғынға қораны ит кірмейтіндей етіп бекіту қажеттігі айтылды. Иттен өлген малға өтемақы қаралмаған. Аталған тұрғынға басқалай көмек көрсету жағы қарастырылуда. Жалпы, ауылдарда бұралқы иттердің көбейіп, малға шауып жатқаны рас. Оларды залалсыздандыру бағытында тиісті шаралар жасалады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Төреғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ит қабу жағдайлары көбейіп кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар