БҚО-да бірқатар кадрлық тағайындаулар болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бірқатар кадрлық тағайындаулар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларына жаңа басшы келді.

Конкурстық комиссия шешімі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісіміне сәйкес Қаймен Есендияров БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Қаймен Есенаманұлы 1967 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын және Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары БҚО спорт комитетінің нұсқаушысы, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің қазақ күресінен бапкер-оқытушысы, «Қайрат» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, БҚО туризм және спорт басқармасы басшысының орынбасары, БҚО ұлттық күрес және самбо федерациясының төрағасы, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы тәртіптік комитетінің төрағасы, БҚО қазақ күресі федерациясының президенті қызметін атқарды.

2018 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде самбодан мемлекеттік жаттықтырушы болды.

Сол секілді конкурстық комиссия шешімі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісіміне сәйкес Болатбек Каюпов БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Болатбек Амангелдіұлы 1969 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Ақтөбе қалалық ауруханасы реанимациялық бөлімшесінің мейіргері, Орал облыстық клиникалық ауруханасында дәрігер-травматолог, дәрігер-хирург, «Талап» АҚ дәрігер-хирургы, БҚО онкология диспансері хирургия бөлімінің меңгерушісі болды.

Сондай-ақ Астанада «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының бас ғылыми қызметкері, осы АҚ-да жасушалық технологиялар және транслантация орталығының басшысы, Алматыда ішкі аурулар кардиологиясы ғылыми-зерттеу институты дәрілік препараттарды клиникалық зерттеу инновациялық орталығының басшысы қызметін атқарды.

2018 жылдың мамыр айынан бастап Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры болды.


Соңғы жаңалықтар