БҚО-да бір күнде мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өткен тәулікте 914 адам коронавирус вакцинасының І компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның ішінде 73-і – созылмалы дерті бар адамдар. Сондай-ақ 23 студент, 10 медицина қызметкері, 8 педагог, құқық қорғау органдарының 4 қызметкері, 5 мемлекеттік қызметші екпе алды.

Басқарма мәліметіне қарағанда, науқан басталғаннан бері облыста барлығы 209 523 адам бірінші компонентпен егілді. Бұл – вакцинациялауға жататын тұрғындардың 58,2 пайызы. Оған қоса 176 686-сы (49 пайыз) екінші компонентті қабылдады.

Өңірде вакцинация мәселесі бойынша 24-00-06 нөмірлі call орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар егу пункттерінің, ПТР зертханалардың мекенжайы, рентген кабинеттерінің жұмыс кестесі, КВИ диагнозы расталған амбулаториядағы пациенттерге берілетін тегін дәрі тізбесі және басқа керек ақпаратты stopcovid.kz сайтынан табуға болады.

Басқарма басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, барлық емханада аптаның барлық күндері таңғы 8 бен кешкі 20.00-ге дейін егу пункттері жұмыс жасайды. Оралдағы «City center» сауда-ойын-сауық орталығы жанында вакцинацияға арналған жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді.

«1-5 қыркүйек аралығында облыс бойынша 3 270 адам екпе алды. 6 қыркүйекте вакцина қабылдаушылар саны 1539-ға жетсе, одан кейінгі күндері сәйкесінше 1 200 және 1 151 адам екпе алды», - деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО мектептерінде 130 оқушыдан коронавирус анықталғанын, індет жұқтырған 40 науқастың ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар