БҚО-да бекіре аулап, сотталғандардан 10,9 млн теңге өндірілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулағандар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аумақтық инспекция мен полиция қызметкерлері Ақжайық ауданында Жайық өзенінен жалпы салмағы 20,4 кг 25 бекіре балығын аулаған 12 адамды ұстаған еді.

Ақжайық ауданы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етті.

Алмалы, Ақбұлақ, Жанама, Қарауылтөбе және Шабдаржап ауылдарының тұрғындары ау құралдарын пайдаланып, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңның 39-бабының өзендерде бекіре балықтарын аулауға тыйым салу туралы талаптарын бұзған.

Ақжайық аудандық сотының үкімімен аталған адамдар ҚР ҚК 335-бабы 3, 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оларға 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, шартты түрдегі жаза және 200 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жазалар белгіленді.

Сотталғандардан барлығы 10,9 млн теңге материалдық шығын өндіріліп, алынған балықтар мен көлік құралдары мемлекет пайдасына тәркіленді. Ал ау, шана, күрек және басқа заттар қылмыс құралы ретінде жойылды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар