БҚО-да бастауыш сынып шәкірттері үшін 2500-ден астам кезекші сынып ашылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты БҚО білім ордаларында оқу қашықтан, сондай-ақ санитарлық жағдайы тұрақты, шәкірт саны аз ауыл мектептерінде штаттық режимде ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, өңірде 146 мектеп 91 мыңнан астам оқушыға қашықтан білім бермекші.

Ал 20 мыңнан астам оқушысы бар 234 мектеп штаттық режимде жұмыс жасайды.

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, қашықтан оқытатын мектептерде бастауыш сынып шәкірттерінің жас ерекшеліктеріне, өздігінен білім алу дағдысының енді-енді қалыптасатынына байланысты мектепалды даярлық және 1-4 сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптар ашылады. Мұндағы бала саны 15-тен аспайды. Облыста 30688 шәкірт білім алатын 2539 кезекші сынып ашу көзделіп отыр.

Штаттық режимде жұмыс жасайтын мектептер мен кезекші сыныптарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Білім ордалары дезинфекциялық құралдармен толықтай қамтамасыз етілді.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін мектеп мұғалімдердің негізгі сұраныстарына сай келетін ең қолайлы инфрақұрылымы мен білім мазмұны бар интернет-платформаны таңдайды. Облыстың 153 мектебі Bilimland, 1 мектеп Edupage білім платформасына қосылды, бұл платформаларда 25 тамыздан бастап сынақ сабақтары өтуде.

Оқу форматына қарамастан, республикалық «Ел арна», «Балапан» теледидарлық сабақтары қосымша білім беру ресурсы ретінде қолданылады.

Шәкірттерді оқу процесіне қажетті компьютер және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі.

«1 қыркүйек – Білім күнінде жалпы мектепшілік жиындар болмайды. Әр сыныпта сынып сағаттары болады. Мерекелік шаралардың екі түрі қарастырылды. Біріншіден, штаттық негіздегі және кезекші сыныптың оқушылары үшін кабинеттерде сынып сағаттары өткізіледі. Екіншіден, қашықтан оқитын оқушыларға сынып сағаттары онлайн түрінде болады, оларға мектепке келудің қажеті жоқ», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО мектептерінде видеокамералар орнатылып жатқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар