БҚО-да балалардың жарақат алуы жиілеп кеткен

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 9400 бала түрлі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бас штаттан тыс балалар травматолог-ортопеді, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Болат Әлібаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өткен жылы осы мерзімде 6900 бала жарақат пунктіне жүгінген болатын, биыл бұл көрсеткіш 15 пайызға өсіп отыр.

Оның айтуынша, балалар көбінесе (65 пайыз) көшеде жарақат алады. Сондай-ақ тұрмыстық жарақаттар да баршылық. Сол секілді мектепте, спорт алаңдарында, жол-көлік оқиғалары кезінде балалар жарақат алып жатады. Әсіресе, биіктен құлау, күйіп қалу, өткір нәрселерге кесіп алу жиі кездеседі.

«Мұндай жарақаттардың алдын алу үшін балаларды ата-аналардың барынша көзден таса қалдырмағаны дұрыс. Әсіресе, қазіргідей жаз кезінде мұқият болу керек», деді Б.Әлібаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әткеншекте ойнап жүрген 13 жасар баланың екі саусағынан айырылғанын, сондай-ақ Оралда балалар алаңындағы оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Б.Әлібаев жарақат алған 13 жасар балаға тиісті медициналық жәрдем көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға жіберілгенін жеткізді.


Фото: thesun.co.uk



Соңғы жаңалықтар